Главная » 2015 » Июль » 9 » АЛАЯҚ ДАТҚАЕВТЫҢ АЛАШАПҚЫНЫ
17:15
АЛАЯҚ ДАТҚАЕВТЫҢ АЛАШАПҚЫНЫ

Ағайбек Датқаев «Уақыт» газетінің тілшісімін деп, маған тұңғыш телефон шалғанда, бір әжептеуір азаматпен сөйлесіп тұрмын-ау деген алғашқы сезім жүрегімде ұялағаны бар. Бұрын-соңды көрмеген, танымайтын бұл қандай тілші екен деген де сауал туындағаны рас. Әңгімесі қатқыл, тәжірибелі ақсақалдың мақамы сияқты төбеден жай түсіргендей екпіні бастапқыда састырғаны да өтірік емес. Тек сөзіндегі жалған әңгімесі ғана көп нәрседен секем алуыма бағыттады. Сөйтсем, әр сөзі – бұйрық, әр сөйлемі – тапсырма іспетті бұл жігіттің кім екенін анықтағым-ақ келді. «Бақсақ, бақа екен» демекші, әлгі «данышпаным» елді шулатып, адамдар тұрмақ, мемлекеттік мекемелерді алдап жүрген жүрген бір алаяқ болып шықты. Алаяқтығы үшін заң алдында да жауап бергені анықталған соң, республикалық «Ар-Дақ» газетіне «Бәйге! Бәйге! Бәйге!» айдарымен «Алаяқ А.Д., қайдасың?» деген хабарлама жаздым. Мәтіні мынау:
«А.Д. – осыдан тура бір жыл бұрын мемлекеттік бюджеттен 2835600 теңге қаражат алып, жеке бас пайдасына жаратқан алаяқ. Көп ұзамай «бір-ақ рет айтатын» бұл қылмыскер сот шешімімен 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Бүгінде облыс орталығында жарық көретін бір басылымның «белді қызметкері». Сот үкімімен үш жыл сынақ мерзімі белгіленгеніне қарамастан, «ауру қалса да, әдет қалмайдыға» салып жүргенге ұқсайды. Алайда, сынақ мерзімінің әлі аяқталмағанын ескерсек, «сабаздың» сол сынақтан «сынып» қалмағанын тілер едік...
Бұл қай алаяқ екенін және оның қызмет атқаратын басылымының атауын білгілеріңіз келеді ғой? Олай болса, оқырмандарымыздың арасынан осы сауалдарымызға жедел және дәл жауап табатын азаматқа арнайы сыйымыз бар – бәйгеге қатысыңыздар! Газетіміздің алдағы санынан А.Д.-ның толық аты-жөнін, оның қай басылымда қызмет атқаратынын және сауалдарымызға алғашқы дұрыс жауап берген оқырманымыздың аты-жөнін жариялайтын боламыз. Жіберіп алмаңыздар!»
Бұл хабарлама жарық көрген соң, ол алаяқтың өзі маған телефон шалып, қорқытпақ-үркітпек әрекет жасады. «Е, өзін таныған екен ғой» деп, республикалық «Ар-Дақ» газетіне «Алақай, алаяқ табылды!» деген жаңа хабарламамды жаздым. Мәтіні төмендегідей:
«Осыдан тура бір жыл бұрын мемлекеттік бюджеттен 2835600 теңге қаражат алып, жеке бас пайдасына жаратқан А.Д. деген алаяқты таптыңыздар ма? Біз де таппай отыр едік, ол алаяқтың өзі (құдай біледі, біз тағайындаған бәйгені ешкімге бергісі келмей) редакциямызға қоңырау шалды. Өзін Ағайбек Датқаев деп таныстырған азамат: «Республикалық «Уақыт» газетінде істеймін», – деп мәлімдеді.
Үш жыл сынақ мерзімі белгіленген қылмыскер өз әңгімесін қорқыту-үркіту әрекетінен бастағаны таң қалдырды. Сөздерінің екінің бірі балағат болғанына қарамастан, оны мұқият тыңдап алдық та, біздің берген ақпаратымыз шындыққа жанаспайды деп ойласа, сотқа жүгінуге құқы бар екенін айтып түсіндірдік.
Сонымен, алаяқтың кім екені және оны тапқан азаматтың аты-жөні белгілі болды. Республикалық «Уақыт» газетінің редакциясына хабарласқанымызда, Ағайбек Датқаевтың «Уақыт» газетіне қазіргі кезде ешқандай қатысы жоқ екенін анықтадық. Бірақ, кезінде осы басылымда істегені және сол уақытта берілген қызметтік куәлігін қайтармай жүргені белгілі болды. Алаяқтығын қоймай жүрген орта білімді А.Д.-ның өзі тұратын Көмешбұлақ ауылында орналасқан «Абылайхан» ЖК директоры екенін де оған байланысты шығарылған сот үкімінен оқып білдік.
Газетіміздің өткен санында жарияланған бәйгенің жеңімпазы атанған А.Датқаев редакциямызға хабарласып, сол бәйгені алып кетуіне болады.
PS. Айтпақшы, Оңтүстік Қазақстан облысының (әсіресе, Сайрам ауданының) мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне айтарымыз: мекемелеріңізге «Уақыт» газетінің атынан алаяқ Ағайбек Датқаев «тексеруге» келіп, бойынан бопсалау әрекетін байқасаңыздар, дереу 102 телефонына хабарласуларыңызға болатынын ескертеміз».
Осыдан соң, ар-ұяты болса, алаяқтығын тоқтатады деген үміт ақталмай қалды. Көп ұзамай, облыс орталығындағы білім бөліміне қарасты мекемелердің бірінен: «Датқаев бізді тексеруге келе жатыр, не істейміз?» деген дабыл келді. Мен: «Қолындағы құжаттарының көшірмесін түсіріп, алып қалыңыздар. Содан соң қашпаса, маған айтыңыздар», – дедім. Сонымен «Ұстаз жолы» газетінің атынан бүкіл мектептер мен балабақшаларды «аралап» шығуға бел шешкен алаяқтың әр басқан қадамы бізге белгілі болып тұрды. Қолымызға құжаттарының көшірмесі де келіп түсті. Соларды құзырлы органдарға тапсыруды көздеп отырмыз. Айтпақшы, «Ұстаз жолы» газетінің бас редакторы Әнуар Тәжібаевқа хабарласқанымызда: «Ағайбек Датқаевты тірлігін естіген соң жұмыстан босаттым», – дегенін естідік.
Міне, жүгенсіздіктің жүгі ауыр болады деген осы екен-ау...

Әсет ӘССАНДИ.

Осы мақала "Саясат-ақпарат" газетінде 2015 жылы 6 ақпанда жарық көрген санында жарияланған болатын. Содан жарты жыл өтпей жатып-ақ әлгі алаяқ Ағайбек Датқаев "Саясат-ақпарат" газетінің атынан ел-жұртты "тексеруге" көшіпті. Бұл қалай сонда?

 
Просмотров: 2040 | Добавил: assandi | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar