Главная » 2015 » Июль » 24 » Захардин, бұның не?
09:17
Захардин, бұның не?

Мен сені бағаланбай келе жатқан қаламгер ретінде аса қатты құрметтейтінмін. Төбеме көтеріп, өзің туралы қисық сөйлеген жандармен қырық пышақ болуға дейін баратынмын. Үлкен ортаны көрген азамат ретінде атыңа шаң жуытпауға тырысатынмын. «Қазақтар ХХІ» газетінің алғашқы саны қолыма тигенде, қуанышым қойныма сыймай, қолдау білдіруге асыққан кезім болды. «Саясат-ақпарат» газетінің бас редакторы қызметі бұйырғанда, сені жұмысқа тартуға, сенің жалақыңды тоқтатпауға көп күш жұмсағаным бар.

Алайда, «Аспен ұрғанды таспен ұратын» қасиетің бар екенін білмей қалдым. «Саясат-ақпарат» газетінде жүргенде-ақ өзіңе жұмыс ұсынған мені сені жұмысқа алуға қарсылық білдірген Назипаға жамандауға көштің. Алла сені кешірсін, бірақ сырттан ғайбат айту аса жақсы қасиет емес екенін білмейтіндігің қынжылтты. Сөйтсем, сенің «өсегіңе» ілініп жүрген жалғыз мен емес екенмін. Еліміздің бірқатар жазушыларын да сыбап жүрдің: «Оларды жұрт төбесіне көтереді, ал мен бәрінің де пенделігін көрдім ғой», – деп. Сенің Жарасқан, Қадыр, Мархабат туралы, одан қалса, Нағашыбек Қапалбекұлы жайлы айтқан қисынсыз пікірлерің әлі есімізде. Сөйте тұра, Н.Қапалбекұлы алқа кеңесінің төрағасы болып жүрген басылымға басыңды иіп бардың.

Нағашыбекті қойшы, Қуанышбектің өзі туралы не айтпадың бізге? «Берік Уәли екеуі ауыз жаласып қапты – кеше ғана Берікті жерден алып, жерге салып жүрген Қ.Т.Ботабек оның өз қолынан медаль алды», – деген кім? «Саясат-ақпарат» газетінде осы екеуінің ара қатынасы туралы тақырыпты көтеру керек деп кім бастама көтерді? Ата сақалы тізесіне жеткен қарияның екіжүзділікке бой ұрғаны қалай көрінеді екен? Бәрімізді «Әділетке» қарсы айдап салып, өзің «Әділетке» үшінші мәрте жұмысқа орналасып, «сүттен ақ, судан таза» болып шыққаның ғой, сірә?! Бәлкім, ұяттан жұрдай болу деген осы шығар?!

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп жатады қалың қазақ. Сен сүрінсең, саған сүйеу болуға ұмтылдым. Мен сүрінгенде, сыртымнан табалап, талай адамға менің сүрінгеніме септігіңді тигізгенің туралы сүйіншілетіп жеткіздің. Бірақ, кешіріп қой, Захардин, менің уақытша сәтсіздікке жолыққаным – сүрінгенім емес. Ал, адамгершілік атаулыдан бойын аулақ ұстауға тырысқан сен шын мәнінде де қатты сүрініп келесің. Оны сезіп те жүрген шығарсың. Бірақ, Алла сақтасын, мен сені табаламаймын. Қайта әлі де болса, саған қолымды созуға даярмын. «Әділетте» көп ұзамайтының бәрімізге белгілі – далада қалып бара жатсаң, сені жұмысқа өзім шақырамын. Өйткені мен, «таспен ұрғанды аспен ұруға» бейімделгенмін. Жетпіске жетуге шақ қалған сен осы айтқанымды түсінбесең, ол, әрине, өзіңнің проблемаң. Аман бол!

Әсет ӘССАНДИ.

 
Просмотров: 344 | Добавил: assandi | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar